biologrefs.ru

Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі

Сортировать: по оценкам | по дате

25.06.18
[1]
переходы:23
Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі

НАМАЗАЛЫ ОМАШЕВ


РАДИОЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ

ТЕОРИЯСЫ МЕН ТӘЖІРИБЕСІ


Оқулық


Астана, 2009


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ


Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ


РАДИОЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ

ТЕОРИЯСЫ МЕН ТӘЖІРИБЕСІ


Оқулық


Астана, 2009


Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Ғылыми кеңесінің 2009 жылғы 9 қарашадағы (№ 3 хаттама)

шешімімен баспаға ұсынылды.


Омашев Н.

Радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі: Оқулық. - Астана, 2009.


Бұл оқулық соңғы бекітілген типтік оқу бағдарламасына сәйкес радиохабардың БАҚ ретіндегі рөлі мен орны, қоғамдық міндеттері, тарихы және технологиясының даму кезеңдерін түгел қамтиды. Сол сияқты онда радиожурналистиканың жанрлары мен пішіндерінің қалыптасуы, эфир журналистикасының ерекшеліктері, оның көп жылғы тәжірибесі кеңінен қарастырылды.

Оқулық журналистика саласы бойынша маманданатын студенттерге, магистранттарға, докторанттарға арналған.


^ Пікір жазғандар: Ғ. Шалахметов, телерадио және қоғаммен

байланыс кафедрасының меңгерушісі

С. Негимов, филология ғылымдарыны

докторы, профессор.


Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Журналистика мәселелерін зерттеу институты ұсынды.


^ МАЗМҰНЫ


Алғы сөз


I тарау. Радиохабар табиғаты және оның қоғамдағы рөлі мен

орны.


II тарау. Қазақстанда радиохабар тарату ісінің тарихы.


III тарау Радиожурналистика жанрлары мен пішіндері.


^ IV тарау Радиохабар таратудың қазіргі түрлері.


V тарау. Радиохабар жасаудың технологиясы.


VI тарау. Радиохабардың бейнелеуші құралдары.


VIІ тарау. Радиожурналистің шығармашылық шеберханасы.


^ VIIІ тарау. Радио аудиториясы. Радиохабар таратудың

экономикалық негізі.


ІХ тарау. Ашық қоғам және шетелдік радиостанциялар.


ҚОСЫМШАЛАР


«Радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі» пәні бойынша оқу бағдарламасы.


^ Курстық жобалардың тақырыптары.


Студиялық сабақтардың үлгісі.


Радиохабар технологиясын оқытудың әдіснамасы


Ұсынылатын әдебиеттер.


АЛҒЫ СӨЗ


Радионың ұйтқысы да, тірегі де, жүрегі де — мамандар, білікті кадрлар. Бұқаралық комуникация ретінде оның екі жағы бар: ақпарат жасаушы — шығармашылық ұжым және тыңдарманы. Міне, осы жағдайда радиохабар тарату жүйесі үшін болашақ маман даярлаудың маңызы арта бермек. Радиохабар тарату, жеткізудің жолдары, әдіс-тәсілдерін техникалық мамандық иелері — инженерлердің үлесіне қалдырып, сол ақпараттың ішкі мазмұнын жасаушы — радиожурналист үшін қажетті теориялық және тәжірибелік білімнің жиынтығы ретінде осы оқулық ұсынылып отыр. Қазір Қазақстанда журналистика мамандығы бойынша ондаған жоғары оқу орындарында білім беріледі, жыл сайын ондаған шәкірттер диплом алып, радиоұжымдарға жолдама алып жатады.

Радиожурналистика - бұқаралық ақпарат құралдарының бірі ретінде де, өзіндік ерекшелігі мен табиғаты, әдіс-тәсілдері мен қырлары бар ғылым саласы ретінде де мойындалған. Радиожурналистика бүгінде салааралық ғылым ретінде қарастырылады. Ол - тіл білімі мен сөйлеу мәдениетін, психология мен әлеуметтануды, тарихи шолу мен философияны және коммуникавистиканы бір арнаға біріктіретін күрделі де жанды организм, ұдайы даму, өзгеру үстіндегі құбылыс. Дегенмен, осы күрделі қарым-қатынастардың да негіздері, ортақ заңдылықтары мен принциптері бар және ол жеткілікті жүйеге түскен. Міне, сол әлемдік және отандық зерттеулер мен тәжірибе оқулық беттерінде көрініс табады.



Радиохабардың қоғамдық мәні


Радионы адамзат өркениетіндегі аса ірі ғылыми жетістік қана емес, қоғамның даму тегершігін жеделдеткен құбылыс ретінде орынды бағалағанымыз жөн сияқты. Сымсыз ақпарат жеткізуді меңгергелі бір ғасырдан асатын уақыт өтті, ал ғылыми-техникалық прогресс қарыштап дамып кетті. Соған тікелей жол ашқан “ақжолтайлардың” бірі де бірегейі — радио және оған қатысты технологиялар.

ХХІ ғасырда адамды және оның болашағын электронды есептеу машиналарынсыз, байланыс құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Соның бастауында тұрған ғылыми жаңалық — радио болса, ол күні бүгінге дейін жетілдірілу үстінде. Радио — ақпаратты жеткізу мен тасымалдаудың құралы ғана емес, оны басқару мен жүйелеудің де тетігіне айналды. Радио шекараны білмейтін, тосқауылсыз арнаға, жаһандық сипатқа ие болды. Шағын ғана, энергияны аз қажетсінетін құрылғылар тұрмысымыздан кең орын алып, адамға көмекшілікке жарады. Бүгінгі ақпараттық тасқынның да бастау бұлағы — радиотехнологиялар. Оның жетілдірілген түрі теледидар радио әдістерімен енді бейнені де жеткізетін болған, бүгінгі газет-журнал, кітабыңыз да радио туындыларсыз басылып шықпайтынын қайтерсіз. Қайда қарамаңыз, қайда бас сұқпаңыз “радио” деген жанды сөзден тарамданып кететін жаңалықтар алдыңыздан кесе көлденеңдеп шығады.

Адамды адам еткен еңбек және сөйлеу машығы дейді ғылымда. Сөзді тыңдарманына жеткізудің де қуатты құралы радио болып табылады. Радионың бұқаралық ақпарат құралы ретінде мәні мен маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде, қазіргі радиоэфир бір мезгілде миллиондаған адамға жетіп, қажетті ақпаратпен қаруландыра алады. Сөйтіп, радио техникалық құбылыстан бүгінде қоғамдық құбылысқа айналған. Ол миллиондардың санасына ықпал етіп, пікір тудырып, эмоционалды-экспрессивті ықпал ете алады.

Осы арада тарихи ретроспективалық аз-кем шолу жасауды жөн көріп отырмын. Радио қазақ даласына айтып жеткізілуі қиын өзгерістер ала келді. Өткен ғасырдың 30-жылдары оқыту жүйесі қалыптаспаған, оқулықтар мен ұстаздар жетіспейтін кезеңде “ұзынқұлақ” атауына ие болған радио халықтың жаппай сауаттануына, мәдениетінің өсіп-жетілуіне күшті ықпал етті. Табиғатынан зерек те зейінді далалық үшін жаңа мәдениет құнарлы топыраққа отырғызылған ағаштай тез көктеп, жеміс берді. Ол ел басына күн туған қиямет соғыс жылдары елдік рухты сақтап, жауға қарсы жұмылдыруда, жеңіске жетуде аса жасампаз рөл атқарды. Соғыс жарасынан емделіп, қайта өркендеуде де бірден-бір қуатты бұқаралық құрал радио болып табылды. Халықтық өнерді насихаттауда, оны жеткізуші таланттарды жарыққа шығаруда радио айрықша орын иемденді, сөйтіп бірегей ұлттық ән мен музыканың “Алтын қоры” дүниеге келді, өткен ғасырлар үнін болашаққа жеткізудің мүмкіндігі туды. Радио қазақ журналистикасының, өнері мен мәдениетінің бір топ көрнекті қайраткерлерін, ел таныған қаламгерлерді, сөзі дуалы зиялы қауымды қалыптастырды. Радиода жинақталған мол тәжірибе, қалыптасқан дәстүр, журналистік ізденіс пен шеберлік кейіннен Қазақ теледидарының да жедел дамып, өркендеуіне жол ашты.

Рас, кеңестік кезеңде радио идеологиялық құрал ретінде басқарылып, қатаң бақылауда болды, белгілі бір ұстанымдар мен талаптар шеңберінен шыға алмады. Дегенмен, радио табиғатынан демократияшыл, ашық құбылыс еді. Еңкейген қария алысқа көз тастап, радиодағы әдемі әуенге елітіп, жастық шағын сағына көз алдына келтіріп отыратын. Балқұрақ бүлдіршін радиокейіпкерлерді қиялмен шолып, армандайтын, жоспарлар құратын... Кез-келген адам әуе толқынынан өзіне қажетті ақпаратты ести алады.

Ал, бүгінгі егемендік, тәуелсіздік жағдайында радионың мүмкіндігі шексіз артты, бұл ортада да бәсекелестік күшейді, таңдау мүмкіндігі пайда болды, әртүрлі бағыт-бағдардағы, стиль мен мәнердегі радиостанциялар көбейді. Радиоарна өз қаржысын өзі тауып, дамитын жағдайға жетті, шығармашылық шексіз мүмкіндіктер ашылды. Радиожурналист эфирде еркін сөйлейтін, ойын бүкпесіз жеткізетін және оған өзі жауапкершілік жүктейтін жағдай туындады. Қазақстандағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарының еркін дамуына жағдай жасайтын заңды-құқықтық актілер ұдайы жетілдірілу үстінде. БАҚ саласын дамытудағы егемен елдің жетістігі сарапшылар, соның ішінде әлемдегі озық сарапшылар тарапынан жоғары әділ бағасын алды.

Интернеттің жөні бөлектеу және ол техникалық ерекшелігінен туындайды. Дегенмен, Интернеттегі ақпараттық жүйе қалыптасу үстінде, өзіндік белгілері толық айшықталған жоқ. Оның үстіне Интернет жалпы ақпарат мұхиты да, оның ішіндегі маңызды ақпарат, әсіресе БАҚ ұғымына сәйкес ақпарат шағын аралдай ғана. Бірақ, компьютерлік желідегі ақпарат тасымалының динамикасы, өсу үрдісі өте қарқынды болғандықтан болашағынан көп үміт күтеміз. Осы жағдайларды ескеріп, дәстүрлі БАҚ пен радио арасындағы байланыстарға баса назар аударамыз.

Жоғарыда аталған міндеттер көп жағдайда араласып кетеді. Радиодан да қызықты да мазмұнды талдамалық хабарларды кездестіреміз, жанды да жалынды портреттер мен очерктерді тыңдаймыз, радиокеңестерге құлақ асатындардың да қатары көп. Телевизия да кейде оқиға туралы бейнекөрініс түсірілмегендіктен құрғақ хабар таратады, немесе тілшінің үнін телефон арқылы береді. Болмаса, кейбір газет очерктерінің жақсы жазылғандығы сонша, қиялыңды шарықтатып, өзіңді кейіпкер қасында жүргендей сезіндіреді, тұшынып оқисың, қуанасың, қамығасың, танымдық, әрі эмоциялық күш-жігер аласың. Радионың айрықша бір бітімі музыкалық хабарлардан танылады. Жақсы ән мен әуенді танытуда радионың алдына ешбір ақпарат құралы шыға алмайды.

Сонымен қатар сайлау науқаны сияқты қоғамдық-саяси оқиғалар кезінде де БАҚ құралдары өзінше әрекет етеді, әртүрлі нәтижеге қол жеткізеді, біреулер тек радио тыңдайды, қалаларда теледидарға көп назар аударылады, ал біреулердің газеттің астын сызып оқымаса, көңілі көншімейді. Бәсекелестік пен пікір саналуандығы жағдайында бұл қалыпты құбылыс. Әлеуметтік ақпараттың еркін тасқыны БАҚ-тың қоғамдық жауапкершілігін арттырды, ақпарат биліктің маңызды тетігіне айналды. Міне, осы жағдайда ақпараттық топтар, концерндер мен медиахолдингтер өмірге жолдама алды. Әлемдік тәжірибеден Қазақстан да тыс қалған жоқ. Бізде де белгілі бір қаржы-өндірістік топтары теле және радиоарналарға ие болып, өз газеттері мен журналдарын ашуда, интернет-сайттарын құрған. Бір орталықтан басқарылатын мұндай ақпараттық құрылымдардың тиімді жақтары да бар. Ең бастысы дерек көздері ортақ болғандықтан, неғұрлым кең ауқымды ақпарат аз шығынмен жинақталады және көп арналар арқылы таратылады.

Бүгінгі БАҚ-тың тағы бір ерекшелігі — аумақтық аудиториясындағы қайшылықтар. Жергілікті баспасөз де, телерадиохабарын тарату ісі де баяу дамып келеді, республикалық БАҚ-тан көп кейін қалып қойды. Соның ішінде, жергілікті радиостанциялар саны өте мардымсыз, хабар тарату сапасы өте төмен, жарнамасы аз болғандықтан, экономикалық ахуалы да сын көтермейді. Ал, әлемдік тәжірибеде, керісінше, жергілікті БАҚ-тың тез даму үрдісі аңғарылады. Тыңдармандар да көбіне жергілікті радиостанцияларға құлақ түріп, соның таратқан ақпаратына көбірек сенетін болған. Міне, Қазақстанда осы үрдісті қолдап кететін экономикалық алғышарттар таяу уақытта жасалатынына сенімдіміз. Еліміздің қазіргі дамуы БАҚ-тың дамуына да жол ашатыны сөзсіз.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өзара қарым-қатынасы мен байланысын айтқанда мына жайларға баса көңіл аударамыз:

1. Бірін-бірі мамандармен толықтырып отырады. Газет журналисі, теле болмаса радиожурналист деген мамандану өмірде таза күйінде сирек кездеседі, көбіне кадрлар ауысып, бірін екіншісі байытып, жалғастырып кете береді. Көбіне радиода микрофонға төселген, сөйлеу машығын жетік меңгергендер кейіннен телеэкранда да жақсы хабарларымен танылады. Газет тілшісі телеарнаға ауысып, терең де салиқалы сараптамалық бағдарламаларға ұйытқы болады. Болмаса телевизиядан өзін таппағандар, радиоға не газетке ауысады. Мұның барлығы заңды құбылыс, кәсіби шыңдалу жолындағы ізденістер. Әрине, болашақ журналистің талантын ерте айқындап, кәсіби дұрыс бағдарлаудың маңызы бұдан кеми қоймас. Дегенмен, білікті журналист қай салада істемесін ортақ ұстанымдар мен қағидаларды басшылыққа алып, қоғамдық дамуға, сананың өсуіне ықпал ететіндей тәрбиеленгені жөн.

2. Ұдайы ақпараттық алмасу жүріп жатады, радиожурналист те баспасөздің, телеарна мен Интернеттің материалдарын тікелей немесе өңделген күйінде өз қызметінде пайдалануы мүмкін. Тіпті, радионың бастауында газет мәтінін оқу тұр емес пе? Радиоарналар қазір де баспасөзде жарияланған қызықты материалдарға шолу жасап, көпшіліктің назарын аударып отырады.
do.gendocs.ru/docs/index-34047.html